“Қазақфильмнің” балаларға арналған “Секер” көркем фильмі көрерменге жол тартты


“Қазақфильмнің” балаларға арналған “Секер” көркем фильмі көрерменге жол тартты

Авторы: admin     уақыты: 24-Қазан 2009   Бөлімі: Жаңалықтар,Кино әлемі

sekerКішкентай көрермендеріміз үшін жағымды жаңалық. “Қазақфильм” балаларға арналған “Секер” атты жаңа көркем фильм түсірді. Ауылдағы ойын баласының өмірі сипатталған, ғибраты мол картина “Саған күшік керек пе?”, “Шоқ пен шер” сияқты классикаға айналған туындылардың қатарынан орын алуға лайық.

Сценарий бойынша балалары бірінен соң бірі шетінеп, ер баланы аңсаған ата-анасы кенже қыздарына Секер деген ат қояды. Ұл сияқты тәрбиеленген қыз мектепте де тек ер балалармен жүреді. Тіпті айтқанына көніп, дегенімен жүрмегендерді нағыз бұзақы балалардай жұдырықтап алады.

Секерді сомдаған Аяулым Ахметбекова осы рөл үшін белінен төмен түсетін бұрымын кесуіне тура келіпті.

Аяулым Ахметбекова, Секер рөлін сомдаушы:

- Киноға тұңғыш рет түсіп отырмын. Рөлім өзіме ұнады. Мен де Секер сияқты кішкентай кезімнен ұл сияқты өскенмін. Қиындық тудырғаны – атқа шабу болды. Оны циркте үйретті. Төбелесіп те көрген емеспін.

Картинаны түсіруге 600 мың доллар жұмсалған. Режиссер қаражат ақталмаса да, “Секер” кішкентай көрермендердің жүрегінен орын тапса екен дейді. Сәбит Құрманбеков үшін нағыз сыншы – балалар екен.

Сәбит Құрманбеков, “Секер” к/ф режиссері:

- Бұл коммерциялық кино емес. Бұл балаларға арналған. Бізде прокатта америкалық кино, жапондық мультфильмдер басым. Прокаттың 90, тіпті 95 пайызын шетелдік кино құрайды. Сондықтан арманым –көрермен көрсе екен.

Фильмге режиссердің анасының тағдыры арқау болыпты. Сәбит Құрманбеков жаңа туындысын халықаралық кинофестивальдерге апаруды жоспарлап отыр.

“Секер” атты жаймашуақ картина небәрі екі-ақ ай ішінде түсірілген. Фильмнің бюджеті – 600 мың доллар. Балалар киносы үшін бұл үлкен сома. «Алайда қанша қаржы жұмсалғанымен, отандық картина голливудтық блокбастерге бәсекелес бола алмайды», – дейді режиссер. Бар мәселе фильмнің мән-мағынасы мен сапасында емес, балалардың санасында екен.

http://kaz.ktk.kz/art/?id=3919

Әйгерім Асқарқызы



Пікір жазу:

міндетті
міндетті
блог адресі