Сіз кімсіз, КА мырза?


Сіз кімсіз, КА мырза?

Авторы: admin     уақыты: 19-Қаңтар 2010   Бөлімі: Жаңалықтар, Кино әлемі

ka-myrza Алматыда режиссер Қуат Ахметовтің «Сіз кімсіз, Ка мырза?» атты көркем фильмінің тұсау-кесер рәсімі өтті. Былтыр жоспарланып, жыл аяғына дейін жұртшылық назарына ұсынылады деп күтілген туындыны «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Идея авторы - Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов. Ал сценарий желісін Ермек Тұрсынов пен Қуат Ахметов жазған.

Жаңа картинаның идеясы алғаш туындаған уақытта Асанәлі Әшімов біразға дейін фильмнің атын «Гүл өсіретін алаң» немесе «Гүл өсіруші» деп атамақшы болған екен. Өйткені басты кейіпкер Ка мырза гүл өсірумен айналысады. Бұл оның жай ғана ермегі емес, ол Отанын сағынғанда көздің жауын алатын өсімдіктерден туған жердің жұпар иісін іздейді. Оған қоса, «Сіз кімсіз, Ка мырза?» бастапқыда «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» сияқты отандық киноның жалғасы іспеттес болады деген мақсат қойылған екен. Бірақ он шақты мәрте жазылған сценарий нәтижесінде шытырман оқиғаға толы, жаңа бағыттағы, көрерменді көп ойға жетелейтін, философиялық астарға, сондай-ақ есірткі бизнесі мен қып-қызыл төбелес, атыс-шабысқа құрылған қылмыстық драма жанрындағы тың дүние пайда болады. Өзге елдің абақтысында отырып, өмірінің соңында өзінің қатты сырқат екенін біліп, ата-бабасының зиратына тәу етіп, туған жерінде көз жұмуды армандаған барлаушының өмірі суреттеледі. Еліне оралып келе жатып, есірткі тасымалдаушы бозбаламен жолығысады. Әрі қарай талайды бастан өткерген қария әлгіні дұрыс жолға түсіру үшін шын жүректен көмектескісі келеді. Одан кейінгі көріністер өз ретімен алма-кезек астасып жүріп отырады.
Мұндағы негізгі мақсат - кез келген адамның қайда қызмет етсе де, қайда жүрсе де патриоттық сезімін, Отанына деген сүйіспеншілігін көрсету. Үлкендерді жастардың тәрбиесіне немқұрайлы қарамауға шақыру. Әр азаматты жақсылық жасауға итермелеу.

Фильм Таиланд пен Ресейде және Қапшағай, Ұзынағаш, Сарыөзек, Қаскелең маңында бес ай бойы түсірілген. Актерлер құрамынан Талғат Теменов, Мұрат Бисембин, Гүлшарат Жұбаева, Дәулет Әбдіғаппаров, Ержан Түсіпов, Филипп Волошин, Александр Феклистов сынды танымал өнер иелерін көруге болады. Александр Феклистов Ресейден шақырылған. Қоюшы режиссер Қуат Ахметов киноның көрерменге ұнайтынына сенімді.

Ермек ТҰРСЫНОВ:

- Шынымды айтсам, бұл кино менің көңілімнен шыққан жоқ. Алғашқы сценарийден алшақтап кеткен. Ең басында Асекең екеуміз осы киноға кіріскенде, мақсат басқаша болатын. Содан кейін туынды режиссер Эльдар Оразбаевқа бекітілген еді. Ол жаңа жобаға ауысуына байланысты, жалғастыра алмады. Содан жаңа режиссер іздеуге тура келді. Түсірілім барысында жаңа идеялар туындап, өзгерістер енетіні қалыпты жағдай. Дегенмен бірінші нұсқа мен қазіргі картинаның айырмасы жер мен көктей. Бұрынғы фильмдердің ізімен, заманнан қалыспай, жаңа көзқарастағы дүние жасаймыз деп, ақырында екі жанрды бір-бірімен шатастырып алды. Не анда жоқ, не мұнда жоқ, екі ортада қалып қалды. Одан да о баста «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресінің» жалғасы іспеттес жасаймыз демей-ақ, бөлек бағыт ұстанған жөн еді. Бірақ фильмді жамандамаймын, өз көрерменін табады. Ұтымды жерлері бар. Асекең тартымды образ жасады. Алайда тұтастай алғанда, керемет боп көрінді деп айта алмаймын.

Дидар АМАНТАЙ:

- Фильм жастарға, сонымен қатар Асанәлі Әшімовтің қатарластарына, ол кісіні актер ретінде жақсы көретін көрермендерге арналған. Кезінде Асанәлі Әшімов сомдаған образдарға тәнті болған жұрт, сүйікті артисімен қайтадан қауышуға асығады деп ойлаймын. Бұл фильм - Ресей кино компаниясымен бірлесіп жасалған жоба. Бірақ барлық авторлық құқығы «Қазақфильм» АҚ-қа тиесілі. Картина Қазақстанда ғана емес, Ресей мен Таиландта таратуға келіс-сөздер жүргізілу үстінде. Биыл бұйыртса, сегізге тарта толықметражды көркем фильмді экранға шығарамыз. «Сіз кімсіз, Ка мырза?» - жаңа жылдағы алғашқы премьерамыз. Асанәлі ағамыздың фильмде аянбай тер төгуі - актерлеріміз үшін үлкен үлгі. Әрине, бірді-екілі сын айтылуы мүмкін. Кез келген дүниенің кемшіліктері болады. Дегенмен туынды биылғы біздің прокатымызды бастауға әбден лайық. Мен қазақ көрермендерін «Қазақфильм» студиясының туындыларын көруге шақырамын. Біз қазір көрерменге арналған фильмдерді жасауды қолға алдық. Жалаң патриоттық сезіммен өнер жасай алмайсың. Кез келген сценарийді қазақтың ұлттық құндылықтарымен байланыстыра отырамыз. Мақсат-мұратымыз да - сол. Тәрбиелік маңызы жағына көп көңіл аударамыз. Кезінде біздің кино қайраткерлеріміз әйгілі «Қыз Жібекті» де сынаған болатын. Бірақ қазір олар уақыттың сынына төтеп берді. Сондықтан кез келген фильмді тезге салуға асықпайық.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТОВА

«Айқын» газеті, 16.01.10.



Пікір жазу:

міндетті
міндетті
блог адресі