Шрек шешен, Бэтмен би болмайды
Қазақ мультфильмін қашан көреміз? Осы сұрақ газет бетін ашып қалсаң, радионы басып қалсаң, телеарнаны қосып қалсаң, алдымыздан шығады. Бірақ әлі күнге әлгі сұраққа жауап таппай желігіп жүрміз. Көк жәшіктен көргенін қайталайтын бүлдіршіндер, шетелдің Шрегін - шешен, Бэтменін - би, Суперменін - сұлтан, Өрмекші адамын өнеге тұтып жүр. Қазақтың қолынан шыққан, қазақи иісі бар дүние жоқтықтан телеарналар түріктің, кәрістің, Мексика мен Бразилияның көпсериалы киноларын ия болмаса мультфильмдерін қоятын болды.
Телеарна таңсық заманда үйдің үлкендері көк жәшікке үңілгеннен гөрі жантая жатып кітап оқуды құп көретін. Ал қазір көгілдір экран алдын балалар емес, сериалға телмірген апа-әжелеріміз бермейді. Жақында жол түсіп ауылға бардым. Ол жақтағы ағайын кешқұрым қой-лағын қоралап қойғасын, жаппай сериал көруге отырады екен. Сондағысы - Қазақстан телеарнасынан көрсетілген «Құйынды мекен» деген кәріс киносы. Бұл фильмнің бiр-екi бөлімін өзім де көріп қалдым. Осыдан кейін ғана көрші үйдің балаларының ағаштан жасалған қылыш, садақ ұстап «жауынгер» болып жүргенін ұқтым. Сол киноның бас кейіпкерлеріне еліктеген олар «мен - Му Хюльмын, Тэ Со ханмын, То Жинмын» деп өзара мақтанып қояды. Мұндай есімдерді тілім күрмеліп мен әрең айтып тұрғанда, бірінші сыныптың оқушылары жатқа сайрап тұр. Оларға Райымбек, Қабанбай, Наурызбай батырлардан гөрі Матрица, Шрек, Нарутто етене таныс. Телеарнаның құдiретімен олардың санасына кәрістің, жапонның, түріктің тарихын сыналап қағудамыз. Қарадомалақтардың ой-өрісі осылай уланып, Батысқа еліктеу балаң шақтан басталуда. Біз қазақ мультфильмін қалай дамытамыз деп жүргенде, шетелдіктер өз қаһармандарына кино да, мультфильм де түсіріп, қала берді компютерлік ойыны мен киім-кешекке де бейнесін басып, жарнамалап үлгерді. Ал біз қырық жылдан бері бар болғаны 150-ге жуық мультфильм түсіріппіз. Алайда «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр-сәулетші», «Қырық өтірік» деген фильмдерден басқасы ел есінен мүлдем ұмытылған. Бұрынырақта арналардан ара-тұра осы мультфильмдерді көзіміз шалып қалатын. Қазір оған да зар болдық. Мұның мәнісін «Қазақфильмдегі» анимация студиясының қоюшы-суретшісі
Ғали Мырзашев былайша түсіндірді:
- Соңғы уақытта «Қазақфильм» киностудиясы үш анимациялық фильм жасады. Алайда дайын дүниені жарыққа шығарып, халыққа жеткізуге бізде мүмкіндік жоқ. Себебі біз отандық телеарналардан айына бір рет 20 минуттық эфирге зәруміз.
Қазақ киносының қара шаңырағы тағы бір ауқымды жобаны жүзеге асырмақ екен. Ол «Ер Төстік» ертегісі желісінде толық метражды анимациялық фильм түсіру. Бұл бастаманы жаңылыспасақ, өткен жылы министр Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза көтерген еді. Дәл қазір «Ер Төстік» мультфильмінің нобайы жасалып, басшыларға ұсынылыпты. Талғам таразысынан өтуі үшін. «Бұйыртса, 50-60 минуттық қазақ мультфильмін қарадомалақтар 2012 жылы көк жәшіктен көріп қалуы ықтимал», - деп сүйіншісін де сұрап қойды Ғали мырза.
Тағы бір жағымды жаңалық - жақында «Қазақфильмдегі» анимация студиясына су жаңа құрал-жабдықтар қойылмақшы. Мамандардың айтуынша, мұндай мүмкіндікпен сапалы дүние дайындауға болады-мыс. Бір қынжылтатыны, бізде анимация саласының мамандарына мемлекет тарапынан жағдай жасалмаған. Мәселен, «Қазақфильм» киностудиясындағы анимация студиясында бар болғаны екі-ақ маман тұрақты жұмыс істейді екен. Ал қалғандары келісімшарт негізінде нәпақасын тауып жүр. Бір күн жұмыс болса, бір күн бос сандалып қалады. Ал өркениетті елдерде анимация саласына кәдімгідей көңіл бөлінеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, атақты Америка режиссері Уолт Дисней 80 минуттық толық метражды мультфильмін жасағанда, киностудиясында үш мыңнан астам адам еңбек еткен. Алты жүздей суретші қатысып, миллионнан астам сурет салған. Еңбек еш кеткен жоқ. Мысалы, Дисней кинофабрикасында шығарылған, ұзақтығы 87 минуттық «Арыстан Патша» ( «Король Лев») мультфильмiнің өндірісіне 45 миллион доллар қаржы жұмсалыпты. Ал тапқан табысы бес жүз миллион долларға жетіп жығылған. Бір ғана жеке студия осындай тәуекелге барып, толағай табысқа кенелгеніне таңданбасқа лаж жоқ. Ал біз бүкіл ел болып мемлекет қоржынынан қаржы бөліп жатып жасаған «Көшпенділер» фильмі өзін-өзі ақтай алмады. «Отыз алты миллион доллар қаржы желге ұшты» деп жер тепкілеп жылап жүрміз әлі. Айналып келгенде, мұның бәрі білікті маманның жетіспеушілігі мен мемлекеттің оларға деген қамқорлығының жоқтығынан. Қазақ анимациясының атасы Әмен Қайдар бір сұхбатында: «Бәріңізге мәлім, бізде отандық анимациялық өнім жоқтың қасы. «Қазақфильм» жылына бар-жоғы жарты сағаттық мультфильм шығарады. Бұл өте аз. Бізге күніне, тым болмаса, он минуттан деп есептегенде, жылына неше күн бар екенін білесіздер, демек, сонша мультфильм шығаруымыз керек. Қазір отандық анимациялық өнімге халық тарапынан сұраныс бар, бірақ біз ол сұранысты қанағаттандыра алмай отырмыз.
Ең алдымен, мультфильм жасайтын үлкен студия керек. Ол студияға жылына екі-үш сағаттық мультфильм шығаратындай қаражат бөлінуін, маман даярлау мәселесін Үкімет шешуі тиіс. Басқа елдермен тереземіз тең болып, өз мультфильмімізді дамытамыз десек, онда Үкіметтің қаулысы, шешімі керек. «Ақша жоқ» дейді. Ақша жоқ емес, бар. Мемлекет қоржынынан бөлінген ақшалар жоғалып жатыр. Не қазақ кинотеатры жоқ, не көгілдір экранда балаларға арналған жібі түзу өнім жоқ. Өзім де отандық мультфильм өндірісі туралы айта-айта қартайдым, өзіме-өзім жексұрын болдым», - деген екен. Расында, бізде ұйымдастыру жағы жетіспей жатады. Олай дейтініміз, қолда бар дүниені халыққа жеткізу жағы ақсап тұр. Отандық телеарналардан бес минуттық мультфильмді көрсету үшін де қыруар қаржы төлеуге тура келеді. Мұны қалтасы көтермейтін «Қазақфильмде» мультфильмдер шаң басып сөрелерде тұр. Өткен жылы Шымкенттегі «Жебе» студиясы «Сапа Олимпиадасы» атты анимациялық фильм түсірді. Мультфильмнің бас кейіпкері - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 12 минуттық мультфильмді түсіруге қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов тапсырыс беріпті. Елбасы өзі көріп, ақ батасын бергеннен кейін бүлдіршіндерге жол тартқан фильмді түсіруге 100 мың АҚШ доллары жұмсалыпты.
Маман пікірі
Қазақ мультфильмі «реанимацияда» жатыр
Қазір қазақ анимациялық фильмінің халі өте мүшкіл. Әмен Қайдаров ағамыз айтқандай, ол «реанимацияда» жатыр. Бізде тәп-тәуір дүние жасай алатын мамандар бар. Бірақ соны ұйымдастыру жетіспейді. Қазақ баласының болашағын ойлайтын адам табылмай жүр. Қайда барсаң да «неге қазақша мультфильм жоқ?» деген сұрақ алдыңнан кесе-көлденең шығады.
Ал Үкіметтегі ағаларымыз ақша бөлініп жатыр деп ақталады. Шындығына келгенде, осы іспен айналысып жатқан ешкім жоқ. Анимация саласын дамытып, үлкен белеске көтеру үшін оны «Қазақфильм» киностудиясынан бөліп, бөлек отау құру керек. Сонда ғана нақты шараларды қолға алып, жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Бізде қазақша анимациялық фильмдерді көрсетуге құлшыныс танытып, сұраныс жасайтын арналар болса, жекелеген анимациялық студиялар көбейетін еді. Мен де мультфильмді қалай дамытамыз деп шарқ ұрмас едім. Түрлі бағыттағы анимацияларды дайындап, арналарға тиісті бағаға сатар едім. Елбасымен болған тікелей эфир арқылы тілдесуде мен осы мәселені айтып, Президентке хат жолдадым. Т.Жүргенев атындағы Өнер академиясында анимациялық фильмдерді дайындайтын мамандарды оқытатын арнайы кафедра бар. Бірақ оны бітіріп шыққан жас мамандардың қайда барып жұмыс істеп жүргені белгісіз. Оларға мемлекет тарапынан қолдау жоқ. Мен бұл мәселені айтқанда, жеке басымды немесе әріптестерім жұмыссыз қалды деп жылап тұрған жоқпын. Болашақ ұрпақ тәрбиесін ойлап осылай жасауға тура келеді. Мультфильм арқылы мектептегі төменгі сынып оқушыларына математика, физика, химия деген сабақтарды оқытуға болады. Оқушылар осылай судың, мырыштың, атомның не екенін тез қабылдайды. Сондай-ақ елімізде есту, көру қабілеті нашар жүз мыңдай бала бар екен. Оларды да танымдық, тәрбиелік мәні бар анимациялық фильмдерді көрсету арқылы оқытуға болады. Себебі қазіргі әліппе науқас балалар тұрмақ, есі дұрыс оқушыларға ауыр. Қазақта мультфильм жасауға қажетті кейіпкерлер көп. Аңыз-ертегі, қисса-дастан, фольклорымызды осы мультфильм арқылы дәріптеуге болады. Бізге «Бэтман», «Нарутто» секілді қырып-жойғыш, қаныпезер кейіптегі мультфильмдер жасаудың қажеті шамалы. Кеңес Одағында мемлекетке, бірінші, қару-жарақ сатудан, екінші, арақ-шарап, үшінші, осы анимациялық фильмдерден қыруар қаржы құйылыпты. Сондықтан мультфильм - тек тәрбиенің емес, пайданың да көзі. Соңғы уақытта азды-көпті анимациялық фильмдер жасалып жатыр. Бірақ бұлар егіннің көктеп-көгеруіне көмектесе алмайтын соқыр жаңбыр секілді. Мен бірнеше телеарналарға барып бірлесіп мультфильм жасайық деп ұсыныс айттым. Тіпті маған тек айлық төлеп тұрыңдар, осы жердің техникасын пайдаланып жасайын дедім. Сөйтсем, олар «бір аптада бір мультфильм жасай аласың ба?» дейді. Демек, қазақ мультфильмдеріне деген сұраныс, қажеттілік бар, мүмкіндік жоқ. Өзбекәлі Жәнібеков, Камал Смайылов секілді жанашыр азаматтар жоқ. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған заманда Камал Смайылов ағамыз «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген анимациялық фильмді қолдап, қаржы бөлген. Бір тиын үшін соттап жіберетін заманда Камал аға қорықпай отыз мың рубльді беріп, осы дүниені жарыққа шығарды. Сол кісі болмағанда, Әмен атамыз түсірген бұл мультфильм қазақта болмас еді. Ал қазір өз көрпемізді өзіміз еркін жамылып жүрген заманда мультфильм түсіруге шамамыз жетпей жүр. Біз қазір мультфильм жасауда әлем елдерінен 80-90 жыл артта қалдық. Егер анимациялық фильмдер түсірумен айналысатын жеке мемлекеттік мекеме құратын болсақ, осы олқылықтың орнын бес-алты жылда толтыра аламыз.
Әбдіқадыр САБЫР, режиссер-аниматор





















