«Ымырттағы махаббат» – 100


«Ымырттағы махаббат» – 100

Авторы: admin     уақыты: 17-Ақпан 2010   Бөлімі: Жаңалықтар

ymyrttagy-mahabbat119 ақпанда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Ымырттағы махаббат» спектаклінің 100-ші қойылымы өтеді. Неміс драматургы Г.Гауптманның драмасын қазақшалаған - Қалихан Ысқақ, шығарманы сахналаған - Қазақстанның халық артисі Рубен Андриасян, қоюшы суретшісі - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есенгелді Тұяқов, басты рөлде - КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов.
Қойылымның алғашқы премьерасы 2002 жылы 29-маусымда өткен еді. Содан бері бұл спектакль көрермен ықыласына бөленіп, театр сахнасынан түспей келеді. Бұған алаштың құрмет тұтар ұлы Асанәлі Әшімовтің басты рөлде (Маттиас Клаузен) ойнауы да себеп болған шығар. Пьеса авторы - Нобель сыйлығының иегері Г.Гауптман екенін білмеген адам бір көргенде бұл шығарма Асанәлі ағамызға арнап жазылғанына шәк келтірмес еді. Егер ғайыптан-тайып неміс драматургы тіріліп келіп, қазақ актері сомдаған өз кейіпкерін көрсе, онда қазақтың аты аңызға айналған Асанәлісінің алдында бас киімін шешер ме еді, кім білсін?!.

Қойылым ежелден талай шығармаға өзек болған тақырып - әке мен бала арасындағы тартысқа құрылады. Жетпістегі бойдақ шал жиырмадағы жас қызға ғашық болып, екеуі жарасып көңіл қосады. Алайда ержетіп, үйлі-баранды болған ұл-қыздары бұған өре түрегеледі. «Әкесі түрмеде өзіне-өзі қол салған, қарапайым отбасынан шыққан қызды үйге кіргіздің, шешеміздің ең бағалы бұйымдарын сыйладың» деп әкесіне әлек салады. Маттиас Клаузен Инкен Петерсті бұл ортадан алып кетпек болып жанұшырады. Алайда өгей шешеден дүние-мүлікті қызғанған балалары ақыры шал байғұстың түбіне жетіп тынады.

Мұндағы шал мен жас қыздың арасындағы махаббат - тартысқа жетелер ілгек қана. Негізінде шығарма дүниеқоңыздық пен көрсеқызарлықтан туған қаскөйлікті, адамдардың қатыгездігі мен азғындауын тілге тиек етеді. Оқиға 30-жылдардың басындағы қоғамның, сол қоғамды ұстап тұрған жүйенің іріп-шіруін, ақыры Германияда өкімет басына фашизмнің келуіне себепкер болған жағдайлардың алғашқы сарынын меңзейді.

Рөлдерді сомдағандар: Инкен Петерс - «Тарлан» сыйлығының иегері Назгүл Қарабалина, Вольфанг Клаузен - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Қожа, Эгмонт Клаузен - Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Азамат Сұрапбаев, Беттина Клаузен - Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қымбат Тілеуова. Спектакльге Құман Тастанбеков, Төлеубек Аралбай, Айдос Бектемір, Бекжан Тұрыс, Жоламан Әміров, Бақыт Жанғалиева, Данагүл Темірсұлтанова, Ерлан Біләл сынды аттары жалпақ жұртқа мәлім, қазақтың майталман артистері қатысады. Осы күні театр фойесінде қойылымның 100-ші санына қатысты көрме ұйымдастырылады.

Айгүл КЕРІМ,

17.02.10.

www.aikyn.kz



Пікір жазу:

міндетті
міндетті
блог адресі